Екібастұзда қоршалмаған құдыққа бала құлап кетті
Оқиға 20 мамыр күні «Өнер» қалалық мәдениет орталығының маңында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде оқыс оқиға орнында түсірілген видео тарады. Полиция аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, жеті жасар ұлы абайсызда ашық әрі қоршалмаған құдыққа құлап кеткен. Құдықтың тереңдігі екі метрден асады. Оқиға салдарынан бала жарақат алып, қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдауда.
Құлау сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жазбада баланың құдыққа құлағаннан кейін өздігінен шығып кеткені көрінеді.
Екібастұз полицейлері жарияланымға байланысты шара қабылдады. Ведомствоның мәліметінше, магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.