Жауынгерлік рух: Павлодарда әскери қызметшілер «Бүркіт» фильмін тамашалады
Патриоттық туындыда арнайы жасақтағы сарбаздардың «қүрең беретке» ие болудағы түрлі сынақтардан өтудің ауыр жолы көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанның барлық кинотеатрларында жуырда ғана ҚР Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелері туралы «Бүркіт» әскери фильмінің тұсаукесері өтті. Облыс орталығында да толықметражды кинокартинаның көрсетілімі болды. Оған 6679 және 5512 әскери бөлімінің келісімшарт негізінде қызмет етіп жатқан әскери қызметшілері мен офицерлері, сондай-ақ олардың туыстары, бала-шағасы шақырылды. Экшн жанрында түсірілген киноны тамашалауға 250-ге жуық әскери қызметші келді. Көрермендерге арнайы жасақтың өмірі мен қиындығы, жауынгерлердің көрсеткен ерлігі мен батырлығы, «күрең беретті» алу үшін қандай қауіптен өту керектігі көрсетілді. Ал 6679 әскери бөлімінің командирі Аманжол Әйтенов фильмді жоғары бағалап, өз әсерлерімен қуана бөлісті.
– Фильм қатты ұнады, экшн жанрында деуге де келеді. Жай ғана көрермен және осы салада жүріп, бүкіл орындалатын әрекеттерді білетін адам ретінде өте керемет деңгейде түсірілген деп айта аламын. Әріптесеріммен пікір алмасқан кезде сахналардың 90 пайызы шындыққа сай келеді деген ұйғарымға келдік. Оннан он деген бағаны беремін, – деді подполковник.
Оның сөзінше, «күрең беретке» қол жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын үрдіс.
– Бұл мәртебелі, абыройлы атақ болып саналады. Бүкіл дайындықтан өтіп, тәжірибелік сынақтарға шығу үшін ең алдымен теориялық білім алу қажет. Тек алған білімін тапсырып, сынақтарға өту құқығы пайда болады. Жүз адамның ішінен соңғы нүктеге дейін он адам жетуі де мүмкін, – деп атап өтті Аманжол Әйтенов.
Подполковниктің ойынша, осындай фильмдер ер азаматтардың құлшынысын оятып, әскери қызметке баруға деген құштарлық пен патриоттық сезімдерді қалыптастырудағы үлкен рөл ойнайды.
– Әрбір ер жігіт өзін формада көргісі келеді, ал оған сай болу үшін еңбек ету қажет. Әсіресе арнайы жасақта қызмет атқару үлкен мәртебелі мамандық деп ойлаймын, – деді ол.
Ал жергілікті гарнизон ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Мұсин фильмді көру үшін немересімен бірге келген.
– Біздің жас ұрпақтың көргені жақсы болады. Осы көркем фильмді көрген немере қызым: «Ата, мен де әскери қызметші болғым келеді» деп айтады. Осындай фильмдер өте керек, – деді майор.
Айта кетейік, патриоттық бағыттағы «Бүркіт» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен түсірілді. Оның түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника, авиация және екі жүзден астам белсенді әскери қызметші қатысты.