Екібастұзда айтыскер ақындар Ұлы Жеңісті жырлады

Екібастұзда айтыскер ақындар Ұлы Жеңісті жырлады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

От ауызды, орақ тілді он екі ақын бәйгеге түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Өнер» қалалық мәдениет сарайында қалалық әкімдіктің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі,  «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.

Жыр додасы халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық өнерін, тарихын, өскелең ұрпаққа насихаттау, батыр бабаларымызға тағзым етіп, ел тарихын жырлап, ұлттық рухани құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

– Айтыста от ауызды, орақ тілді он екі ақын бәйгеге түсті. Олар Ұлы Жеңісті жырлады, – дейді басқарма басшысының орынбасары Самал Саменова.

Өңіріміздің айтыскер ақындары Аспанбек Шұғатай, Абзал Қабдраш, Жұмали Мизан, Екібастұз қаласынан Бағдат Әлекбаев, Рауан Қайдаров, Павлодар ауданынан Алтай Қадырбек, Байрон Мәрес, Баянауыл ауданынан Нұрбек Бәкір,Тілек Сейітов, Абай облысынан Айбек Жеңісқазин, Астана қаласынан Бөкен Жігер, Шымкент қаласынан Қажымұхан Абзалов секілді ақындар айтысты.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Аспанбек Шұғатаев жеңіп алып, миллион теңгені қанжығасына байлады. Бірінші орынды еншілеген Рауан Қайдаров 700 мың теңге алды. Екінші орынға ие болған Тілек Сейітовке 500000 теңге, үшінші орынға ие болған Нұрбек Бәкірге 400 мың теңге табыс етілді.

«Иса Байзақов» атындағы арнайы жүлдені Абзал Қабдраш, «Жаяу Мұса» атындағы арнайы жүлдені Қажымұхан Абзалов, «Қалмұқан Исабаев» атындағы арнайы жүлдені Алтай Қадырбек иеленіп, 300 мың теңге ұтты.

Өзге ақындарға қатысқандары үшін 150 мың теңге сыйлады. Сонымен қатар, барлық ақындарға дипломдар мен Алғыс хат табысталды.