Екібастұзда биыл 120 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынады

Екібастұзда биыл 120 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалада тұрғын үй құрылысына тартылатын жеке инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, биыл шаһарда 120 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қала басшысы тұрғын үй құрылысына бюджет қаражатымен қатар жеке инвестициялар да белсенді тартылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл бизнестің Екібастұзды дамытуға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуы, іскерлік белсенділіктің өсуі және жаңа өндіріс орындарының ашылуы заманауи әрі сапалы баспанаға деген қажеттілікті арттырады деп күтілуде.

Аян Бейсекин қаладағы Hayat бизнес-класс тұрғын үй кешенін аралады. Жобаны жергілікті «Гидропром» құрылыс компаниясы толығымен жеке инвестиция есебінен жүзеге асырған.

Қала әкімінің айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі құрылыс-монтаж жұмыстары мен аумақты абаттандыру тиісті деңгейде орындалған.

– Өз тарапымыздан сапалы тұрғын үй құрылысы жобаларын жүзеге асыруға бағытталған жеке бастамаларға жағдай жасап, қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді Аян Бейсекин.

Қала басшысы компания өкілдеріне өңірге білдірген сенімі мен Екібастұздың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.