Екібастұзда орталық саябақты абаттандыру жұмыстары басталады
«Шахтер» саябағында қала тұрғындары серуендеп, тамақ ішетін орындар құрылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін облыс әкімдігінде сәулет жобаларын іске асыру қарастырылды. Жиналыста 15 қоғамдық кеңістіктің құрылысы қаралды. Биылғы жылы бастау жоспарланып отырған үш жобаны іске асыру жан-жақты талқыланды.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Шахтер» саябағын ауқымды қайта құру жұмыстары басталады. Орталық саябақты абаттандыруды ардагерлер Мемлекет басшысының Екібастұзға жасаған сапары кезінде сұраған болатын. Олардың ұсыныстарының негізінде саябақтың тұжырымдамасы қалыптасты: отбасылық және жеке демалуға арналған орындар жасау.
27 гектар саябақтың аумағы функционалды аймақтарға бөлінді: концерттік алаң, фудкорт, мұз айдыны/роллер алаңы, скейт, Workout, баскетбол алаңдары, балалар ойын алаңдары, жағалауы бар көл, тыныштықта демалу орындары, жас жұбайлар мен түлектер алаңы, бақылау алаңы, құрғақ субұрқақтар және иттерді серуендетуге арналған алаң.
– Бұл қала тұрғындары үшін ауқымды және қажетті жоба. Біз «Шахтер» саябағында қала тұрғындарының балаларымен келіп, серуендеп, тамақ ішетін орындар құруымыз керек. Бұл қала тұрғындарының барлық санаттары үшін толыққанды демалыс болуы тиіс, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Сонымен қатар, өңір басшысы Павлодар қаласының әкімі болған кезде Усолка жағалауында экосаябақ жасауды, аумақты өзгертуді және демалушылар үшін ыңғайлы жағдай жасауды ұсынған болатын. Q88 урбанистер қауымдастығымен бірге осы аумақты абаттандыру бойынша ұсыныстар жинақталды.
Облыс әкімінің қалыптасқан ландшафты барынша өзгертпеу туралы тапсырмасын ескере отырып, барлық ұсныстар біріктірілді. Мұнда 59,4 гектар аумақта ойын алаңдары, пикникке, кемпингке арналған алаңдар, пирстер мен ағаш үйлері бар балық аулайтын жағалаулар, қыста сырғанауға арналған төбелер, серуендеу көпірлері, арқан саябағы пайда болады. Су қоймасының жанына ағаштар отырғызылып, гольф алаңы орналастырылады.
Келесі «Павлодар қаласындағы Лермонтов көшесін жаңарту» жобасы да сараптаманың оң қорытындысын алды.
Жоба бойынша 3 шақырым велосипед жолын салу, асфальт жабынын ауыстыру, шағын сәулет нысандарын, арт-нысандарын орналастыру, балалар және спорт алаңдарын, «құрғақ» субұрқақтарды орнату көзделуде. Абаттандырылатын аумақтың ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды.
Бұл жобаларды іске асыру 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бас мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Облыс әкімі барлық жобалардың маңызды екенін және жайлы әрі заманауи жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
– Демалыс орындары адамдары тарту нүктелеріне айналуы тиіс. Адамдар демалыс үшін қызықты заманауи орындарды күтеді. Біздің міндетіміз – өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, – деді өңір басшысы.
Барлық жобаларды бақылау және үйлестіру облыс әкімдігінің жобалық кеңсесіне бекітілді. Облыстың сәулет және қала құрылысы басқармасына жобаларды сүйемелдеу бойынша тұрақты негізде бақылау жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ, жиналыста сараптаманың оң қорытындысын алған жобалардың мәртебесі талқыланды: «Павлодар қаласында инклюзивті жастар спорт саябағын салу», «Баянауыл ауылында мұражайымен визит-орталық салу», «Баянауыл ауылының Сабындыкөл көлінің жағажай аймағын абаттандырумен қарау алаңын салу». Сонымен қатар, тағы 9 жоба әзірленуде.