Екібастұзда полицейлер автобус аялдамасында тоңып қалған әйелді үйіне жеткізді
Полицейлер жүргізушілерді адамгершілік танытуға және мүмкіндігінше адамдарды тұрғылықты жерлеріне дейін жеткізіп салуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы полиция басқармасының жеке құрамы қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған. Полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде аккумуляторлары отырған немесе баратын жеріне жету кезінде басқа да ақаулар пайда болған жүргізушілерге көмек көрсетті. Егер олар жергілікті жерде көмек көрсете алмаса, техниканы сүйретіп жақын маңдағы техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізеді.
– Аялдамаларда тоңып қалған немесе жол бойымен келе жатқан қала тұрғындарына үйлеріне кешкі уақытта жетуге көмектеседі. Мысалы, автобус аялдамасында әйел адам тұрған. Өтіп бара жатқан полиция қызметкерлері оны байқап, тұрғылықты жеріне жеткізді. Мұндай аязда адамдарға көмек қажет болатын жағдайлар өте көп, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиев.
Айта кетейік, бұл күндері термометр бағанасы минус 28-30 градусты көрсетуде.