Екібастұзда соққыға жығылған екі колледж студентінің жағдайы белгілі болды

Екібастұзда соққыға жығылған екі колледж студентінің жағдайы белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Зардап шеккен жасөспірімнің бірі ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 қыркүйектен 30 қыркүйекке қараған түні 00:59-да ұрып-соғу фактісі бойынша хабарлама түскен. Жарақат алған 2007 және 2008 туған балалар Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілді. 

– Зардап шеккеннің бірі ауыр жағдайда жатыр. Ол көптеген бет жараларын алған. Кеуде қуысы мен бастың ашық жарақаты, бет сүйектерінің сынуы, кеуде мүшелерінің контузиясы диагнозы қойылды. Екіншісі травматология бөлімшесінде жатыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында. 

Еске сала кетейік, Екібастұзда №21 мектептің маңында екі колледж студентін белгісіз адамдар ұрып-соққан. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшалардың біріне зардап шеккен жасөспірімнің туысы жазды. Екі кәмелетке толмағанның денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді.