Екібастұзда жалған нөмір таққан жүргізуші жазаланды
Өңірде жыл басынан бері осындай бес факті тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Олбыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз – «Батыр» БП автожолында қалалық патрульдік полиция ротасының полицейлері 47 жастағы қала тұрғыны басқарған «Shaanxi» маркалы көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде автокөліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жалған екені анықталды.
– Жүргізуші өзінің екі бірдей көлігі бар екенін түсіндірді, бірақ олардың біреуі сынған, ал карьер аумағына кіруге рұқсат тек көліктердің біреуінде ғана болған. Жүргізуші көлік нөмірлерін ауыстырып, қиыршықтас тасымалдау кезінде қолға түсті, – дейді департаментте.
Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Баптың санкциясы бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және бір жылға жүргізуші куәлігінен айыруды көздейді. Тәртіп сақшылары нөмірлік белгілерді алып қойды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Айта кету керек, жыл басынан бері жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері бар автокөліктерді басқарған жүргізушілердің бес фактісі анықталды.