Екібастұзда жылқыларын қараусыз жіберген тұрғын айыппұл арқалады
12 жылқы Екібастұз – Қоянды тас жолында жайылып жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері Екібастұз өңірінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны 11 тұрғын жазаланған.
Мысалы, Екібастұз қаласының 58 жастағы тұрғынына малын қараусыз жібергені үшін айыппұл салынды. Оған тиесілі 12 жылқы Екібастұз – Қоянды тас жолында бақылаусыз жайылып жүрген. Оны тұрғындар полицияға Instagram парақшасы арқылы жіберген.
- Учаскелік полиция инспекторы Қоянды ауылының жылқы иесін анықтады. Оған әкімшілік материал толтырып, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды, - деді Екібастұз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Рүстам Омаров.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері автожолдардың жанында орналасқан ауыл тұрғындары арасында профилактикалық жұмыс жүргізеді.