Екі елге ортақ жол: Ертіс ауданында жаңа жол салынады
Бұл бастама бір жылдың ішінде жүзеге асады деп жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданы мен Ресей Федерациясының шекарасы бекітілгеннен кейін жолдың бір бөлігі көрші мемлекеттің аумағына өтті. Осыдан кейін қазақстандықтардың өзге елдің териториясына өтуі іс жүзінде заңсыз болып есептеледі. Осының алдын алу үшін аудан ұзындығы 16,8 шақырымды құрайтын айналма жол салуды жоспарлады. Айналма жол салуға 4,2 млрд теңге қажет еді. Бұл облыс бюджеті үшін үлкен сома болғандықтан жоба Жол құрылысы комитеті мен Қаржы министрлігіне жіберілген-ді. Бірақ Үкімет бұл жобаны қолдамады.
Ертіс ауданына жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов төртінші класты асфальтбетон жолдың құрылысы 2024 жылы аяқталуы тиіс екеніне атап өтіп, оның қалай жүзеге асу керектігін айтты.
– Алдын ала сатып алу жоспары бойынша, тендер қараша айында жариялануы керек. Сонда біз қаңтар айында мердігерді анықтай аламыз. Егер мұны істей алсақ, меодігер ақпан айынан бастап дайындыққа кірісе алады. Ол күштер мен құралдарды жұмылдыруға мүмкіндік алады. Ал 10 айды қажет ететін жобаны 5-6 айда жүзеге асыруға болады, - деп түсіндірді аймақ басшысы.
Жоба бойынша кенептің биіктігі 60 сантиметрден 1 метрге дейін болады. Барлық инертті материал яғни құм, қиыршық тас, асфальт Павлодардан жеткізілмек.