Екібастұзда наурыз айында қазақ тілін оқыту курстары басталады

Курсқа барлық санаттағы азаматтар қатысы алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваның төрағалығымен мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия мүшелерінің отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері, қаламыздың кәсіпорындары, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева 2024 жылы мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Атап айтсақ, былтырғы жылы оффлайн форматта 250 адам тегін мемлекеттік тілді үйреніп шыққан. Биыл оқыту курстары наурыз айында басталады және курсқа барлық санаттағы азаматтар қатысы алады, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ қала әкімдігінің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлзейнеп Есембаева комиссия мүшелерінің атқарған жұмыстары туралы баяндады. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының талаптарын сақтау, мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сапасын ерекше бақылауда ұстау керектігін еске салды.
Ал комиссия мүшелері өз алдына бірқатар мәселелерді көтерді. Оның ішінде «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп, өскелең ұрпақтың бойында тілге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған шаралар өткізу, тіл қолданысын кеңейту мәселесін заманауи бағдарламалар арқылы шешу, аудармашылар бірлестігін құру, қала құраушы кәсіпорындарда аударма саласын біріздендіру, әр мекемеде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға жауапты тұлға тағайындау сияқты ұсыныстар айтылды.