Екібастұзда жоғалған жеті жасар қыздың мәйіті табылды

Екібастұзда жоғалған жеті жасар қыздың мәйіті табылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Милана Давыдованы өлтірді деген күдікпен анасы мен оның танысы ұсталды. Күдіктілер өз кінәсін мойындаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, іздестіру шаралары барысында із-түзсіз жоғалған қыздың мәйіті табылды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаментінде растады. Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізу барысында кәмелетке толмаған 2015 жылы туған Милана Давыдованың белгісіз жоғалып кетуінің мән-жайлары мен себептері анықталды.

– Павлодар облысында жоғалып кеткен жеті жасар қыздың анасы кісі өлтірді деп күдіктеледі. Кәмелетке толмаған баланы өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері анасы мен оның өтініші бойынша қылмыстың іздерін жасырған танысын ұстады. Олар қылмысын мойындады,– деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов. 

Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиға орнында облыстық ПД, прокуратура және әкімдіктің басшылығы, сондай-ақ мамандандырылған топ жұмыс атқаруда.

Еске сала кетейік, 17 қарашада төтенше жағдайлар бөліміне 21:48-де Екібастұз қаласының Қоянды ауылдық округі Бесқауға ауылында жеті жасар қыз баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Бірден іздеу жұмыстары ұйымдастырылып, оқиға орнында жедел штаб құрылды. Құтқарушылар, кинологтар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер із-түзсіз жоғалған жасөспірімді үш тәулік бойы іздеді. Жалпы іздестіру жұмыстарына 500-ден астам адам және 100 техника мен ұшақ жұмылдырылған болатын.