Екібастұзда Қосым Пішенбаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Ол қазіргі Баянауыл ауданының аумағында бірнеше пайдалы қазбалар кен орындарын, бірақ ең бастысы — Екібастұздағы тас көмір кен орындарын ашты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы істің арқасында оның есімі Қазақстан тарихында мәңгі қалды.
Екібастұзда Кеншілер күні қарсаңында 20-дан астам кен орнын ашқан Қосым Пішенбаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты рәсімге Екібастұз әкімі Аян Бейсекин, тау-кен өндіру кәсіпорындарының басшылары, Павлодар облысы және Екібастұз мәслихаттарының депутаттары, қоғам қайраткерлері, жастар қатысты.
– Өткен жылы көмір кен орнын игерудің ашылғанына 70 жыл толды, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов. – Кен орнын игерудің басталуына барлық мамандықтар қатысты: мұғалім, дәрігер болсын, құрылысшылар да үлкен үлес қосты.
Екібастұзда «Богатырь», «Северный», «Восточный», «Майкөбе» көмір разрездері бар. Мұнда 15 мыңнан астам адам жұмыс істейді.