Екібастұзда өнерлі қыздар мен өнегелі әжелер сынға түсті
Жарыс Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты мейірімділікке, аналардың өлшеусіз еңбегін бағалай білуге баулу, қазақтың салт-дәстүрін насихаттау.
– «Өнерлі қыз, өнегелі ана» сайысының ерекшелігі – мектебіміздің этнос өкілдері де қатысты. Олар қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ұлттық өнерімізді, ұлттық тағамдарды әзірлеп, ортаға паш етті, – дейді №5 ЖОББМ директоры Аманжол Еренұлы.
Қатысушылар «Сәлем – сөздің анасы» таныстыру, «Өнерлі өрге жүзер» өз өнерін көрсету, «Дәм-думан» кез келген тағам әзірлеу өнерлерін көрсетті.
Байқау барысында 9 «б» сынып оқушысы Кристина Татарницкая мен анасы Елена Татарницкая, 9 «в» сынып оқушысы Олеся Евсеева мен әжесі Анна Жамалиева, 10 «ә» сынып оқушысы Аружан Серікова әжесі Әсемгүл Абильдина, 10 «б» сынып оқушысы Ангелина Гущина әжесі Юлия Гущина өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау нәтижесі бойынша Кристина Татарницкая және Елена Татарницкая – «Сыңғырлаған дауыс», Ангелина Гущина және Юлия Гущина – «Шығармашылық одақ», Аружан Серікова және Әсемгүл Әбілдина – «Алтын қолдар», Олеся Евсеева және Анна Жамалиева «Өнер және грация» аталымына ие болды.
Кеш соңында қатысушылар Алғыс хатпен марапатталып, естелікке бағалы сыйлықтар алды.