Ertis Creative жобасы аясында Павлодарда жаңа арт-нысан ашылады
Облыс орталығының төменгі жағалауында ұлттық нақыштағы мозаика пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында тұрғындардың бастамасымен жүзеге асып жатқан қоғамдық арт-нысандар қатары тағы бір жаңа туындымен толығады.
Ertis Creative жобасына павлодарлық Татьяна Калкамбаева қосылып, туған қаласына ерекше сый жасауды ұйғарған.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Қабылбековтің айтуынша, бұл идея өткен жылы пайда болған.
– Өткен жылдың қараша айында Татьяна Калкамбаева Instagram арқылы хабарласты. Ол өз үйінің ауласындағы қолымен жасаған мозаикаларын көрсетті. Жұмыстары бірден назарымды аударды. Сол кезде мұндай талант міндетті түрде қаланың қоғамдық кеңістігінде көрініс табуы керек деген шешімге келдік, – деді қала әкімі.
Хасар Қабылбеков мұндай шығармашылық бастамаларды әрдайым қолдауға дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Павлодардың мақтан тұтарлық келбеті дәл осындай тұрғындардың игі істері мен тың идеяларының арқасында қалыптасады.

Жаңа мозаика Төменгі жағалауда, «Тақтар ойыны» сериалының Темір тағы көшірмесінің жанында орналастырылады. Композиция қазақтың ұлттық тақырыбында орындалып, онда шаңырақ, күн бейнесі, далада жүйткіген арқарлар, Қимақ қағанаты дәуірінің арбалары сияқты тарихи әрі ұлттық элементтер көрініс табады. Жоба арқылы Ертіс өзені, көк аспан, кең дала және басқа да бейнелер өңірдің табиғи сұлулығы мен өзіндік болмысын айшықтайды.
Мозайканы жасау үшін түрлі түсті керамикалық плиткалар пайдаланылады. Бұл материалды табу оңай әрі көлемді көркем композициялар жасауға қолайлы. Автор туындының түс үйлесіміне ерекше мән береді. Негізгі реңктер ретінде көгілдір мен сары-қоңыр түстер таңдалған. Олар шексіз көк аспанды, Ертіс өзенін, ұлан-ғайыр даланы және көшпелі өркениеттің бай мәдениетін бейнелейді.
Айта кетейік, Павлодарда энтузиастардың қолымен жасалған тағы бір мозаика бар. Дала тақырыбындағы панноны, онда Ертіс өзені Журналистер үйінің қасбетін айнала ағып жатқандай әсер қалдырады. Ерекше туындыны «Ертіс Медиа» медиахолдингінің директоры Руслан Билялов жасаған.
Жаңа мозаикалардың бой көтеруі павлодарлықтардың өз қаласын көркейтуге бейжай қарамайтынын және шығармашылық бастамалардың қолдау тауып, жүзеге асуына барлық мүмкіндік жасалып жатқанын көрсетеді.