Екібастұздағы судың жаңа резервтік магистралінің құрылысы аяқталды
Су құбыры ағымдағы жылдың сәуір айының соңында іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасында жазды.
- Екібастұзға жасаған жұмыс сапарым кезімде біз өткен жылдың күзінде бастаған ұзындығы 3,5 км ЖМ-7/1 жылу магистралінің құрылысын тексердім. Мұнда барлық құбырлар салынды, қазір 6 компенсатор, 2 қозғалмайтын тірек және 2 павильон орнатылуда. Жаңа магистральды гидравликалық сынау жұмыстары осы жылдың сәуір айына жоспарланған, - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, кеншілер шаһарында ұзындығы 12 км техникалық судың жаңа резервтік магистралінің құрылысы аяқталғанын атап өтті. Су құбыры ағымдағы жылдың сәуір айының соңында іске қосылады.
Облыс әкімі сапар соңында Екібастұз ЖЭО-да болып, алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша жиналыс өткізді.
Алдағы жылу беру маусымдарының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету үшін ЕЖЭО-ның жабдықтарын, сондай-ақ, қаланың жылу магистральдарын жаңғырту жалғастырылмақ. Өз кезегінде аймақ басшысы «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не Екібастұз әкімдігімен бірлесіп, 2024 жылғы 10 наурызға дейін кеншілер қаласын жылумен жабдықтау жүйесін одан әрі кезең-кезеңімен реконструкциялау бойынша алдағы 2 жылға арналған жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырды.