Павлодар облысында 21 мың гектар жерге су жіберілді

Бұл Әулиекөл көлдер жүйесін, Бәсентиін және Шығанақ көлдерін толтыруға бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шідерті суару жүйесі арқылы жүзеге асқан суландыру Екібастұз, Ақкөл және Сарықамыс ауылдық округтерінде жүзеге асты. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданындағы Жолболды, Басқамыс және Жалаулы ауылдық округтерінің 21 мың гектар жерін суландырды.
Мамандардың сөзінше мұндай әрекеттер экологиялық балансты сақтауға және өңірдегі ауылшаруашылық саласының жұмысын жақсартатынын атап өтті.
– Бұл өңірдің қоршаған ортасы мен биологиялық әртүрлілігін сақтауға, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және облыс экономикасының дамуына ықпал етеді. Мұның бәрі жергілікті халықтың әл-ауқатына оң әсерін тигізеді, –деді Павлодар облысының «ҚазСуШар» филиалы директоры Арман Оспанов.
Сондай-ақ, жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадынан су жіберу аясында Қазан, Саты және Малайсары ауылдық округтерінің аумағындағы шамамен 12 240 гектар лиман суландырылды.
Ислам Достов