Екінші Павлодарда Арт-орталықтағы жұмыстар облыс әкімінің көңілінен шықпады
Нысанда жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі орындалмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Екінші Павлодар шағын ауданындағы бұрынғы ТЖ колледжінің ғимаратын қайта жаңарту жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Ол жерде балалар үшін Арт-орталық ашылуы тиіс.
– Тапсырыс беруші тарапынан, яғни, құрылыс басқармасы ұйымдастыруға тиіс жұмыстар көңілден шықпады. Нысанда жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі орындалмаған және оны жыл соңына дейін тапсыруға тиіс, – деп жазды аймақ басшысы Іnstagram парақшасында.
Сондай-ақ облыс әкімі құрылыс басқармасына қалған жұмыстардың көлемін талдауды және 23 тамызға дейін түзетілген жоспарды ұсынуды тапсырды. Содан кейін тиісті шешімдер қабылданады.
Бұдан бөлек, «Зеленая роща» шаңғы базасына салынып жатқан жаңа нысанның құрылысын тексеріп шықты.
– Шаңғы базасына алғаш барғанда кішкентай спортшыларымыздың қандай жағдайда жаттығу жасайтындарын көргендегі таң қалысымды әлі де жасыра алмаймын. Балалар жарық, жылу, су, тіпті, әжетхана да жоқ темір конейнерлерде киімдерін ауыстырып келген. Қазір бұрынғы киім ауыстыратын бөлмелер орналасқан вагондардың орнына әкімшілік нысан салынуда, – дейді Асайын Байханов.
Бүгінде мердігер іргетасын құюды бастаған, бұдан кейін сэндвич панельдермен құрылымын тұрғызып, аумағын абаттандырады. Қысқа дейін аяқтау жоспарлануда. Облыс әкімі жұмыстардың сапасына мән беріп, уақытында аяқтауды тапсырды.
Еске сала кетейік, Екінші Павлодар тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын қарағаннан кейін балалар мен жастардың дамуы үшін өнер орталығын ашу идеясы туындаған болатын. 3500 шаршы метр аумақта 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жастар өз қызығушылықтары бойынша үйірме таба алатын кеңістік құру жоспарланған. Мұнда хореография және спорт залдары, қыш ыдыстар жасау және өнер шеберханалары, Workshop, дыбыс жазу студиясы, фотостудия, телестудия және т. б. үйірмелер ашылады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram