Ерлігі қоғамға үлгі болып жүрген павлодарлықтардың аналарына құрмет көрсетілді
Өңірде «Анаға тағзым» атты облыстық форум өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова еліне адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеген аналарға алғыс білдірді.
– Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиінің бойына құнды қасиеттерді құя білген, адал тәрбиелген, ақ сүтімен адамгершілік дарытқан аналарға тағзым етеміз, – деді Айзада Құрманова.
Форумда қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмысқа қарсы күресу жолында алдарына қойылған міндеттерді адал орындап жүрген полиция қызметкерлерінің аналары Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, оранған отқа, қарғын суға түсіп, адам өміріне араша болуда азаматтық және кәсіби борышын жауапкершілікпен орындаған өрт сөндіруші-құтқарушылардың, халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегер оқушылардың аналарына да алғыс білдірді.
Жиын барысында «Аналар кеңесінің» ұйымдастрыуын өткен форумда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық, қалалар мен аудандардың «Аналар кеңестерінің», оқу орындарының және облыстық полиция департаментінің бірлескен іс-қимылдарының арқасында 325 іс-шара өткізілгені айтылды.
– Балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын-алу және есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша жедел-профилактикалық шаралар акциясына да қатыстық, – деді Павлодар облысы ҚХА «Аналар кеңесінің», «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Максилова. – Мақсатымыз – дені сау, жаман әдеттерден аулақ, ақылды, тәрбиелі, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, елін, тілін құрметтейтін, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.
Айта кетейік, 2024 жылы 12 мамырда «Аналар күні» мерекесі Қазақстанда алғаш рет аталып өтіледі.