Ертіс ауданында полицейлер баланың жоғалған телефонын тауып берді
Ертіс ауылының тұрғыны тәртіп сақшыларына көмегі үшін алғыс хат жолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің ұлы стадионда ішінде ұялы телефоны мен қуаттағыш құрылғысы бар сөмкесін ұмытып кеткен. Отбасы жоғалған заттарды өз бетінше іздеп, бірнеше рет хабарландыру жариялап, түрлі чаттарға жазған. Алайда іздеу нәтиже бермеген.
Кейін полиция қызметкерлерінің көмегімен жоғалған заттар табылып, иелеріне қайтарылды.
– Полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін орындап қана қоймай, адамдарға адамгершілік танытып, көңіл бөліп, шын ниетімен көмектесуге ұмтылғаны өте құнды. Осындай азаматтардың арқасында құқық қорғау органдарына деген сенім артып, әрдайым көмекке келуге дайын жандардың бар екеніне көз жеткіземіз, – деді Жанар Дюсембина.
Тұрғын әсіресе аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғабит Мұқановтың азаматтардың өтініштеріне мұқият қарайтынын айтып, оған және Азамат Саяновқа алғыс білдірді.