Ертіс ауданында жол, егіс және өңдеу саласындағы жобалар қарқын алды
Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің астықты аудандарының бірі - Ертіс ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көктемгі дала жұмыстарының барысына, жол инфрақұрылымын дамытуға және өңдеу секторына инвестиция тартуға басты назар аударылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алдымен өңір басшысы жол желісін жаңғырту бойынша берілген тапсырмалардың орындалуымен танысты. 2026 жылы облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 581,2 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда Панфилово-Бестөбе автожолында (64-71 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық маңызы бар 38 км жолды жаңартуға 2,7 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде Сілеті-Қызылағаш автожолын қайта жаңарту жобасы бар. Мұнда асфальтбетон жабыны төселіп, су өткізетін құбырлар жөнделіп, жол абаттандырылады. Жұмыстарды 2026 жылдың маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар Голубовка-Қызылқақ, Панфилова-Қосағаш бағыттарында және Луговое мен Ұзынсу ауылдарының кіреберіс жолдарында да жұмыстар басталды. Бұл жобаларды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау көзделген. Барлық учаскеде қиыршық тас фракцияларын пайдалана отырып ресайклинг технологиясы қолданылуда, қазіргі уақытта құрылыс материалдарын жеткізу жұмыстары жүріп жатыр.

Ауылішілік жолдарға да ерекше көңіл бөлінді. 2026 жылы оларды жөндеуге облыстық және аудандық бюджеттерден 232,7 млн теңге бөлінді. Ертіс ауылында 2-ші Набережная және Қажымұқан көшелеріне орташа жөндеу, сондай-ақ Мерей көшесіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Ал Сілеті ауылында Сұлукөл көшесі жаңартылады. Жұмыстар маусым айында аяқталады.
Асайын Байханов жобаларды іске асыру сапасы мен мерзімі басты басымдық екенін атап өтті.

– Әрбір нысан есеп үшін ғана емес, нақты стандартқа сай аяқталуы тиіс, – деді ол.
Одан кейін облыс әкімі 2026 жылғы көктемгі егіс науқанының барысымен танысты. Аудандағы жалпы егіс алқабы 328,3 мың га құрап, өткен жылмен салыстырғанда ұлғайған. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар - 207,9 мың га, майлы дақылдар - 90 мың га, мал азықтық дақылдар - 28,9 мың га. Ылғал жабу жұмыстары 184 мың га жүргізіліп, көктемгі жерді жырту жұмыстары толық аяқталды, ал егіс алдындағы топырақты өңдеу жалғасуда. Жаздық егіс 14,9 мың гектарға себілді.

Шаруашылықтар тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Жанар-жағармайға қажеттілік 5,7 мың тоннаны құрайды. Көлік-трактор паркінің техникалық дайындығы – 100 пайыз. Ауданда 747 трактор, 363 комбайн және 3000-нан астам аспалы құрал-жабдық бар. Биыл қосымша 1,7 млрд теңгеге 10 бірлік техника сатып алынды.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі цифрлық технологиялар мен no-till жүйесі енгізілген «Замандас» шаруа қожалығында болды. Тәжірибелік алқаптарда күнбағыс егіліп, бұршақты дақылдарға арналған топырақ дайындалуда. Асайын Байханов мұндай шаруашылықтар агроөндірістің жаңа стандартын қалыптастырып, өңірдегі өзге ауыл шаруашылығы құрылымдарына үлгі болуы тиіс екенін айтты.

Сондай-ақ өңір басшысы ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп, агротехнологиялар, фермерлерді мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылады және жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын қарады.
Жұмыс сапары «Западный» шаруа қожалығының ет өңдеу кешені салынатын орынды қараумен аяқталды. Құны 1,5 млрд теңге болатын жоба жылына 1500 тоннаға дейін өнім – консервілер, шұжықтар және жартылай фабрикаттар шығаруды көздеп отыр. Кәсіпорын ішкі нарыққа және жақын шетел елдеріне экспортқа бағытталған.

– Іске асырылып жатқан әрбір жоба халыққа нақты нәтиже беруі тиіс: мейлі ол жол, егіс жұмыстары немесе өңдеу саласы болсын, – деп түйіндеді Асайын Байханов.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі егіс науқанын сапалы өткізуді, жол жобаларын уақытылы іске асыруды және тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.