«Ертіс» екінші айналымды белгісіздікпен бастайды
Павлодар клубын қиын сынақ күтіп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Премьер-лигасының 16-туры аясында павлодарлық «Ертіс» сырт алаңда қызылордалық «Қайсармен» кездеседі. Матч 5 шілде күні сағат 20:00-де Қызылордада өтеді.
Бес дүркін Қазақстан чемпионы маусымның екінші айналымын турнирлік кестенің 14-орнында, яғни тікелей төмендеу аймағында қарсы алып отыр. Команда үшін жағдай күн өткен сайын күрделене түсуде.
Маусым басталғалы бері клуб бапкерлер штабын үшінші рет ауыстырды. Осы өзгерістерден кейін клуб басшысы Мұрат Тілешев павлодарлық футболдың аңызы, Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфинов жаттықтырушылар штабының кеңесшісі қызметіне қосылғанын мәлімдеген болатын.
Алайда көп ұзамай Талғат Байсуфинов бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Расында, Нұрбол Жұмасқалиев қызметінен кеткеннен кейін клуб өкілдері Павлодар облысының тумасы әрі павлодарлық футболдың ардагері ретінде менен бас бапкерлік қызметке үміткерлер жөнінде пікір айтып, ұсыныс беруімді сұрады.
Мен ұлттық құрамада бірге жұмыс істеген бірнеше маманның кандидатурасын ұсындым. Оларды кәсіби деңгейі жоғары және “Ертісті” басқаруға лайықты деп есептеймін.
Осымен менің бұл мәселеге қатысуым аяқталды. Мен қазіргі таңда «Ертіс» футбол клубының жұмысына ешқандай қатысым жоқ, жаттықтырушылар штабының мүшесі емеспін және клубқа кеңесшілік қызмет көрсетпеймін», – деп жазды Байсуфинов.
Мұндай қарама-қайшы мәлімдемелер команданың болашағына деген сенімді арттырмайды. Керісінше, бес дүркін ел чемпионының айналасындағы жағдайдың қаншалықты тұрақсыз екенін көрсетеді. Бұл клубтың беделіне де оң әсер етіп отырған жоқ.
Оған қоса командадан тәжірибелі қорғаушы Руслан Хадаркевич, қақпашы Виталий Ботнарь және шабуылшы Ибрагим Фард кетті. Кадрлық өзгерістер де тұрақтылықтың жоқ екенін аңғартады.
Бір қызығы, дәл «Қайсардан» жеңілгеннен кейін Нұрбол Жұмасқалиев «отбасылық жағдайына байланысты» бас бапкерлік қызметінен кеткен болатын. Енді жаңа жаттықтырушылар штабы дәл сол қарсыласқа қарсы алғашқы маңызды сынағынан өтеді.
Алайда бүгінде «Ертістің» айналасында сұрақ жауаптан әлдеқайда көп. Басшылықтағы түсініксіздік, бапкерлердің жиі ауысуы, негізгі футболшылардың кетуі және ресми мәлімдемелердегі қайшылықтар мұның барлығы команданың жағдайын жақсартудан гөрі қиындата түсуде. Осындай жағдайда ұжымның психологиялық ахуалы мен ойын сапасы қалай оңалады деген сауал әзірге ашық күйінде қалып отыр.