«Ертіс орманы» резерватында алаңдаушылық факторлары жоқ
Жабайы жануарлардың жай-күйіне мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының мәліметінше, 25-27 тамыз аралығында мемлекеттік орман қорының аумағы мен оның күзет аймағында рейдтік іс-шара жүргізілді.
– Павлодар облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының инспекторлары жүргізген шараның мақсаты – табиғат қорғау заңнамасының – заңсыз аң аулаудың бұзылуын болдырмау және анықтау. Рейд барысында резерваттағы жабайы жануарлардың жай-күйіне мониторинг жүргізу барысында көптеген жануарлар кездесті. Бұл алаңдаушылық факторларының жоқтығынының айқын көрсеткіші, – дейді резерватта.
Резерват аумағында заңсыз аң аулау фактілері тіркелген жоқ.
Естеріңізге салайық, ерекше қорғалатын табиғи аумақта аң аулаудың барлық түріне қатаң тыйым салынады. Орманға келген адамда ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін ақы төлегенін растайтын құжаттың болуы қажет. Ол табиғи резерват аумағына баруға мүмкіндік береді. Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіру құны биыл 345 теңгені құрайды. ҚР Салық кодексінің 589-592-баптары негізінде өткізу құны әрбір жеке және заңды тұлғадан ЕҚТА пайдаланғаны үшін 0,1 АЕК мөлшерінде салық аударымы болып табылады.