«Ертіс орманы» резерватында отындық ағаштың бағасы қанша?
Отындық ағаш сатып алғысы келетін тұрғындарға «Ертіс орманы» резерватында өнімді алу және тасымалдау тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі орманшылықтардың жоғарғы қоймаларынан отындық ағаш сатып алу және оны босату тәртібін жариялады.
Отындық ағаш сатып алу үшін жеке және заңды тұлғалар тиісті филиал директорына өтініш беруі қажет. Өтініш мақұлданғаннан кейін төлем шоты рәсімделеді. Оның жарамдылық мерзімі – бір күн.
Төлем резерваттың шотына түскені расталған соң сатып алушыға орман өнімінің атауы, көлемі және оны алып кету мерзімі көрсетілген қажетті құжаттар беріледі.
2026 жылға арналған бекітілген прейскурантқа сәйкес, отындық ағаштың бағасы – 4 мың теңге.
Өнім жоғарғы қоймадан жұмыс күндері сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін босатылады. Демалыс күндері де осы уақытта беру қарастырылған. Алайда бұл күндері резерват қызметкерлеріне өнімді резерват аумағынан тыс жерге алып шығуға рұқсат етілмейді.
Сонымен қатар, босатылатын және тасымалданатын орман өнімдерінің барлығы міндетті түрде таңбаланады. Оны тасымалдау тиісті құжаттар болған жағдайда және белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
Резерват мамандары тұрғындарға төлемі жасалған орман өнімдерін құжаттарда көрсетілген мерзімде алып кетуді ескертеді.