«Ертіс орманы» резерватында тілсіз жаудың алдын алу шаралары күшейтілді

«Ертіс орманы» резерватында тілсіз жаудың алдын алу шаралары күшейтілді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Қауіпті аумақтарда сақтық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты өрт қаупі жоғары кезеңде орман алқаптарын қорғау шараларын жалғастырып келеді. Биыл жоспар бойынша 9 945 км минералданған жолақ жасау көзделсе, қазіргі уақытта 11 471 км жолақ әзірленген. Бұл жұмыстың белгіленген межеден әлдейқайда артығымен орындалғанын көрсетеді.

Табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімінің басшысы Қайрат Пшембаевтың айтуынша, минералданған жолақтардың ені жер бедері мен аумақтың ерекшелігіне байланысты 3-тен 24 метрге дейін жетеді. Олар орманның барлық аумағында, әсіресе өрттің таралу қаупі жоғары учаскелерде жүргізіліп, апта сайын жаңартылып отырады. Бұл іске соқамен жабдықталған МТЗ-1221 тракторы секілді арнайы техника тартылған.

– Минералданған жолақ өсімдік жамылғысын үзіп, төменгі қабаттағы жалынның әрі қарай таралуына тосқауыл болады. Сондықтан бұл – орман қорын өрттен қорғаудың тиімді тәсілдерінің бірі. Қорғаныс жолақтарын жаңарту өрт қаупі маусымы аяқталғанға дейін жалғасады, – деді бөлім басшысы.

Өрттің алдын алу жұмыстары тек минералданған жолақтармен шектелмейді. Мамандар тұрғындар мен орманға келушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық және өрт қауіпсіздігі парақшаларын таратады. Сонымен қатар, ескерту материалдары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, телеарналар мен радио арқылы тұрақты түрде жарияланып келеді.

Орман қоры аумағында профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөніндегі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қорғаныс жолақтарын жасау және оларды күтіп ұстау жұмыстары өрт қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жалғаса береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін облыста мемлекеттік орман қоры аумағында 115 өрт оқиғасы тіркелгені хабарланған еді. Оның 92-сіне құрғақ найзағай себеп болған.