Ертісте аударылған қайықтан кейін жоғалған ер адам әлі іздестірілуде

Ертісте аударылған қайықтан кейін жоғалған ер адам әлі іздестірілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іздеу жұмыстарына еріктілер, жоғалған адамның туыстары, құтқарушылар мен құқық қорғау органдары қатысып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«VITA» Павлодар қаласының іздеушілері» қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, 12 қыркүйекте Жаңаауыл кенті маңында Ертіс өзенінде қайық аударылған. Қайықтағы адамдар аман қалғанымен, 1983 жылы туған Икрам Нұрмашов із-түзсіз жоғалған.

Іздеу жұмыстары оқиға болған күннен бері жалғасып келеді. Еріктілер өзенді қайықпен тексеріп, жағалауды жаяу қарап жатыр.

– Іздеу жалғасуда, бізге көмек өте қажет. Іздеуге қосылуға, қайықпен көмектесуге немесе судағы іздеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндігі бар тұрғындарды хабарласуға шақырамыз. Әсіресе эхолоты бар қайық қажет, – деп хабарлады «VITA» еріктілері.

Іздеуге қосылғысы келетін немесе техникамен көмектесе алатын тұрғындар +7 747 615 55 63 нөмірі арқылы Екатеринаға WhatsApp желісінде хабарласа алады.

Еске сала кетейік, 12 қыркүйекте Ертіс өзенінде бес адам мінген қайық суға батып кеткен. Төрт адам өздігінен жағаға шыққан, ал 1983 жылы туған ер адам із-түзсіз жоғалған. Бұған дейін құтқарушылар өзеннің 35 шақырым жағалауын тексеріп, 18 рет нүктелік сүңгу жұмыстарын жүргізген болатын.