«Ертіс орманы» лауазымды тұлғалары орманды заңсыз кесуге қатысты деген күдікке ілінді
Сотқа дейінгі тергеу жүргізілілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Ертіс орманы» ерекше қорғалатын аумағынан орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтау бойынша жедел іздестіру іс-шаралары кешенін өткізді.
– Облыстық прокуратураның үйлестіруімен «Ертіс орманы» резерваты бойынша ауқымды операция жүргізілді. Полиция қызметкерлері «Ертіс орманы» резерватында, Шалдай және Бесқарағай орманшылығында, сондай-ақ бірқатар басшылардың тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық санкцияланған тінту іс-шарасын жүргізді. Тінту кезінде құжаттамадан басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді, – деді департаментте.
Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болжамды мәліметтер бойынша орманды заңсыз кесуге «Ертіс орманы» РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.