Ертіс өзені жасанды интеллекттің бақылауына түседі

Ертіс өзені жасанды интеллекттің бақылауына түседі
Фото: Константин Шелков

Павлодарда құтқару жұмыстары оңтайландырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өз жұмысына цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап құтқарушылар «Tasqyn» ақпараттық-жүйесін қолдана бастады. 

– Жобаның басты артықшылығы біз жағдайды алдын-ала болжап, оған дайындала аламыз. Құтқарушылар дәл осы сәттегі оқиғаны көре алады. Қауіп төнгенге дейін халыққа ескерту жұмыстарын жүргізе аламыз, – деп пайымдады облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Ақпараттық-жүйе су басу аймақтарын модельдейді. Сонымен қатар, су тасқыны қаупін болжауға, өзендер мен су қоймаларының жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Ақпарат жолдармен, электр желілерімен және елді мекендермен байланыстырылған карталарда көрініс табады.

– Қазір жүйе арқылы 75 өзеннің, 370 гидробекеттің және 86 су қойманың жағдайын бақылап отырмыз. Оған қоса, қауіпі жоғары бар жүзден астам өзендерді тексерудеміз, — деді Қайрат Шаймарденов.

Жүйені жасанды интеллектпен жабдықталған жаңа бейнекамералар толықтырады. Олар өртті автоматты түрде анықтап, ситуациялық орталыққа бірден хабар береді. Қазір орталықта 33 бейнекамера жұмыс жасап тұр.

– Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орнатылған камералар өртке жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Орманды-дала аймағы бар өңір үшін бұл — аса маңызды, — деп толықтырды департамент басшысының орынбасары.

Алдағы уақытта бұндай камералар Ертіс өзенінің бойында орналастыру көзделіп жатыр. Олардың арқасында құтқарушылар түрлі оқиғаларды алдын алып, су тасуы кезінде жағдайды орталықтан бақылап отыруына мүмкіндік алады.

Жаңа технологиялармен жұмыс жасау мақсатында ұйым қызметкерлері шетелдегі әріптестерімен тәжірибе алмасып жатыр.

– Біздің мамандар Жапония секілді елдерге сапар шегіп, білімдерін толықтырып отыр. Сондай-ақ шетелдегі құтқарушылармен біз түрлі тренингтер өткізіп отырамыз, – деді Қайрат Шаймарденов.

Айта кетейік, департамент қоржынында 14 дрон бар. Олар адамдарды іздестіру жұмыстарын оңтайландыруда. Мамандар биіктіктен адамның жоғалған аумағын зерттей отырып, құтқару жұмыстарының жылдамдығын арттырады.

Бұған дейін, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде құтқарушылардың біліктілігін арттыратын жылу түтін камерасы орнатылды. Оның аясында сабақтар мен жаттығулар өткізіліп, зардап шеккендерді іздеу және эвакуациялау жұмыстарының дайындығы өткізіледі.