«Есік жабық па?»: Павлодарда мектеп оқушылары төбелескен

Әлеуметтік желіде аталмыш оқиғаның бейнежазбасы пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№30 орта мектебі әкімшілігінің мәліметінше, оқиға 7-сынып оқушылары арасында орын алды.
– Мектеп әкімшілігі мен полиция қызметкерлері бірге құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жоспарланбаған кеңес өткізді. Осы оқиғаға қатысушылардың барлығына құқықтық баға беріледі, – деді мектеп әкімшілігі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталды, ал кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді.
– Балаларды тәрбиелеу міндеттерін атқаруда қатаң талаптарды сақтамаған заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар Павлодар қаласының әкімшілігіндегі кәмелетке толмағандар істері мен олардың құқықтарын қорғау комиссиясына жіберілді, – делінген хабарламада.
Кәмелетке толмағандар алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында мектеп ішінде есепке алынды.