Freedom Race қайта оралады: Павлодарда жүгіру мерекесі өтеді
Жүлде қоры әзірге құпия, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда 20 маусым күні Freedom Race 2 атты бұқаралық жүгіру жарысы өтеді. Старттық қалашық таңғы 6:00-де Ertis Promenade сахнасында ашылады. Қатысушыларға тіркелу жүріп жатыр, ұйымдастырушылар Қазақстанның түкпір-түкпірінен шамамен 500 адамды күтуде.
Жүгірушілерге үш қашықтық ұсынылады: 10, 5 және 3 шақырым. Алғашқы жарыс 7:00-де, қалғандары он минуттық жиілікпен жүгіріске шығады. Жеңімпаздар абсолюттік есепте және жас санаттары бойынша анықталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлдегерлерге медаль мен грамоталар табысталады, ал мәреге уақыт шектеуінде жеткендерге естелік медаль беріледі: 10 шақырымға - екі сағат, бес шақырымға - бір сағат, үш шақырымға – 30 минут.
- Барлық мәреге жеткендерге арнайы дизайндағы медаль табысталады. Оны қозғалыс белсенділері өздері жасады. Медаль күміс-көгілдір түсті болатынын айта аламыз. Биыл әуесқой спортшылардың тілегі бойынша жүгіру трассасына өзгерістер енгізілді, - деді қозғалыс белсендісі Жанна Джамбулатова.
Абсолюттік санаттағы жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Оның көлемін ұйымдастырушылар әзірге жарияламай отыр.
Соңғы жылдары өңірде концерттер, спорттық шаралар, фестивальдер форматындағы оқиғалық туризм қарқын алып келеді. Облыс орталығындағы негізгі орындардың бірі Ertis Promenade сахнасы болды. Мұнда жаз бойы түрлі шаралар өтеді: отандық фильмдер көрсетілімі, халықаралық би баттлдары, концерттер мен спорттық акциялар. Өткен жылы өңірде 300-ден астам мәдени және 50-ден аса спорттық шара ұйымдастырылды. Жазғы маусымда Ertis Promenade алаңына шамамен 800 мың адам келген, бұл оның қала өмірінің негізгі орындарының бірі екенін тағы дәлелдейді.