Күймен «жанданған» ортеке: майқайыңдық оқушылар көне өнерді жаңғыртуда

Күймен «жанданған» ортеке: майқайыңдық оқушылар көне өнерді жаңғыртуда
Фото: Ғалия Хабдраш

Балалар қазақтың көне өнер туындыларының бірі – ортеке жасауды меңгеріп, ұлттық мұраны дәріптеуге үлес қосып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Майқайың өнер мектебінің ағашты көркемдеп өңдеу бөлімінде білім алатын жеткіншектер ортекені өз қолдарымен жасап, ағашпен жұмыс істеудің қыр-сырын тәжірибе арқылы үйренуде. Шеберлік сабақтарында оқушылар әр бөлшекті мұқият дайындап, бұйымның қозғалыс механизмдерін құрастырады.

Ортеке – домбыра үнімен қозғалысқа келетін ерекше ұлттық бұйым. Бұл өнер түрі қолөнер, музыка және сахналық қимылды біріктіреді. Дайын болған бұйымдар кейін домбыра бөлімінің оқушылары орындаған күйлердің ырғағымен «жанданып», көрерменге ұсынылады.

Негізінен өнер туындысы Ертіс-Баян өңірінде кең таралған ақ тал ағашынан жасалады. Шеберлердің пайымдауынша, бұл ағаштың жұмсақ әрі иілгіш қасиеті күрделі бөлшектерді өңдеуге өте қолайлы.

Ағашты көркемдеп өңдеу пәнінің ұстазы Әлімжан Сапарбайұлының айтуынша, ортеке жасау балалардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырады.

– Ортеке – халқымыздың рухани дүниесінің көрінісі. Оқушылар оны өз қолымен жасап, кейін домбыра үнімен үйлестірген кезде ұлттық өнерді тереңірек түсіне бастайды. Мұндай жұмыстар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, еңбекке баулиды, – деді ұстаз.

Бір ортекені толық дайындауға шамамен бір апта уақыт кетеді. Қазіргі таңда оқушылар онға жуық ортеке дайындаған. Бұйымдарды жасау барысында үлкен сынып оқушылары күрделі тетіктерді орнатса, кіші жастағы балалар қарапайым жұмыстарға қатысып, бірлесіп еңбек ету дағдыларын меңгереді.

Мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Хабдраш бұл бастаманың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгінде ұлттық өнерді жаңғырту өте маңызды. Оқушылардың ортеке жасап, оны сахналық қойылыммен ұштастыруы – ұлттық құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі. Осындай жобалар арқылы балалар ата-баба мұрасын танып, оны болашаққа жеткізуге үлес қосады, – деді ол.

Айта кетейік, ортеке жасаудың нақты бекітілген әдістемесі жоқ. Әр шебер өз тәжірибесіне сүйеніп, өзіндік тәсіл қалыптастырады. Алдағы уақытта дайын бұйымдарды сату мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұл оқушыларды кәсіпкерлікке баулып, еңбектің қадірін түсінуге мүмкіндік береді.