Көктайғақ: Павлодарда бір аптада 150 адам дәрігер көмегіне жүгінген
Шаһар тұрғындары көктайғақ салдарынан жиі жарақат алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№1 қалалық аурухананың травматология бөліміне күн сайын шамамен 60 адам келеді. Оның жартысына жуығы – көктайғақ салдарынан жарақат алғандар.
Травматолог дәрігер Дәурен Смағұловтың айтуынша, 16-20 ақпан аралығында көктайғаққа байланысты шамамен 150 адам қаралған. Бұл көрсеткіш өткен аптамен шамалас. Дәрігерлердің сөзінше, қыс мезгілі үшін бұл қалыпты жағдай, ешқандай аномалия тіркелмеген.
– Негізінен науқастар соғылу мен созылу жарақаттарымен келеді. Сонымен қатар кәрі жілік сүйегінің типтік жердегі сынуы, тобық пен сирақ сүйектерінің сынуы, байламдардың үзілуі жиі кездеседі, – дейді Дәурен Смағұлов.
Көп жағдайда адамдар таңертең шаруамен шығып, мұзға мән бермей, асығып жүріп құлап жатады. Ауыр жағдайлар да бар. Мәселен, осы аптада 1990 жылы туған Алматы қаласының тұрғыны көшеде тайып құлап, екі тобығын сындырған. Науқасқа ота жасалып, қазір жағдайы тұрақты.
Мамандар қыс мезгілінде барынша сақ болуға кеңес береді. Асықпай жүру, таймайтын табаны бар аяқ киім кию және қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен жауапты мекемелер өз аумақтарын дер кезінде мұздан тазалауы тиіс.