«Көрпе fest»: Екібастұзда балаларға көрпелер табыс етілді
Наурыз мейрамы қарсаңында №27 сәбилер бақшасында «Көрпе fest» төр көрпе тігу бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, шеберлік сыныбын республикалық «КӨРПЕ FEST» қолөнер сайысының шебері, Павлодар облысынан қатысқан Арайлым Хамзабаева өткізді. Шараның соңында аналық махаббатпен көмкерілген көздің жауын алатын көрпелер балаларға табыс етілді.
– Шеберлік сыныбына қатысуға тәрбиеленушілер аналарымен ғана емес, сонымен қатар, әжелер, үйдің үлкен қыздары да қатысуға ниет білдірді. Барлығына қызықты да танымды болу үшін міндеттер бөлініп берілді. Бірі оюды қиып, екіншісі көктеп тікті. Ал балалар зерікпеу үшін «асық тау», «ханталапай» ойнап, сергіді», – деді балабақша меңгерушісі Інжу Болатхан.
Бірнеше күнге созылған шеберлік сыныбының қорытындысы 14 наурыз – «Көрісу» күнімен тұспа-тұс келіп, дайындалған көрпелер көрмесі болып ұласты.
Отбасылық «Көрпе fest» қатысушыларының барлығын балабақша меңгерушісі Інжу Болатхан Алғыс хаттармен марапаттады.
Ата-аналар тарапынан наурыз тойы кезеңінде көрпе көрмесі толығып, наурыз айының соңына дейін қалсын деген ұсыныс түсті.