Кальян шеккен: Павлодарлықтарға бір жарым миллион теңгеден астам айыппұл салынды
Аймақта полицейлер қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды бұзу бойынша рейдтер жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлері демалыс орындары мен ойын-сауық орындарын тексерді. Нәтижесінде ағымдағы жылы тәртіп сақшылары 41 құқық бұзушыны жауапқа тартты.
– Оның ішінде кәсіп иелері, әкімшілері және кальян шегетін келушілер жазаланды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1.6 миллион теңгеден асты. 21 кальян мен оларға арналған құрылғылар тәркіленді, – деді Павлодар облысы полиция департаментінде.
Мысалы, Екібастұзда Беркімбаев көшесіндегі мекемеде жас жігіт келушілерге кальян ұсынған факті анықталды. Жас жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, кальян қолданған келуші де жазаланып, оған 55 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тура келеді.
Бұдан бөлек, Павлодар қаласының Астана көшесіндегі ойын-сауық мекемесінде кальян тұтынуды қамтамасыз еткені үшін мекеме әкімшісі және кальян шегуге келуші жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушыларға айыппұл салынған.
– Екібастұз қаласының Дүйсембаев көшесіндегі ойын-сауық мекемесінде мекеменің иесі кальян тұтынуды қамтамасыз еткені үшін және жеті келуші кальян шеккені үшін жауапқа тартылды. Құқық бұзушыларға айыппұл салынды, – деді департаментте.
Кальян шегуге тыйым салумен байланысты бұзушылықтарды анықтауға бағытталған рейдтер жалғасуда. Полиция азаматтарға заңды сақтауды және тыйым салынған және денсаулыққа зиянды заттарды пайдаланудан бас тартуға шақырады.