Кенжекөл тұрғындарының құқықтары қорғалды

Кенжекөл тұрғындарының құқықтары қорғалды
фото: Константин Шелков

Ауыл азаматтарының ұжымдық шағымы сәуір айында түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, шағым негізінде «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің қызметіне қатысты тексеру жүргізілген. Оның барысында кәсіпорын тұтынушылардың реттелетін су жеткізу қызметіне қол жеткізуін шектегені анықталды. Атап айтқанда, заңнамада көзделмеген қосымша талаптар қойылған. нақтырақ айтқанда, сыртқы су құбыры желілеріне техникалық қызмет көрсету үшін міндетті төлем талап етілген.

Жаңа тұтынушылар орталықтандырылған су жүйесіне қосылмақшы болған. Алайда өтініш берген кезде олардан қосымша төлем талап етілген. Арызды қарау барысында бұл жұмыстардың су құбыры салынған кезде-ақ жүргізілгені белгілі болды. Бұл жұмыстарды құрылыс барысында мердігер ұйым жүргізгені дәлелденді.

«Павлодар-Водоканал» ЖШС-не заңбұзушылықтарды жою, тұтынушыларға заңсыз алынған қаражатты қайтару және су жеткізу қызметіне толық қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы нұсқама жолданды. Ол толық көлемде орындалды. Сонымен қатар, кәсіпорынға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Заңбұзушылықтан түскен кірістің 10 пайызын құрайтын айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде төленді, деп хабарлады департамент өкілдері.

Жыл басынан бері табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзғаны үшін өңірдегі субъектілерге 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Өндірілген қаражат мемлекет кірісіне өндірілді.

Мамандардың айтуынша, облыс тұрғындары өз өтініштерін жеке, электрондық үкімет порталы арқылы немесе Е-otinish ақпараттық жүйесі арқылы жолдай алады. 2025 жылдың тоғыз айында департаментке 256 өтініш түскен.