Кенжекөлде оқушы жедел қызметке террористік акт туралы жалған хабар айтқан

Кенжекөлде оқушы жедел қызметке террористік акт туралы жалған хабар айтқан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Баласының шектен шыққан әзілі үшін ата-анасы жазаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Құтқару қызметінен полицияға жасөспірімнің қасында террористер бар екендігі туралы ақпарат түскен. Аталған хабарлама бойынша полицейлер мен жедел қызметтер дереу оқиға орнына шықты. Тексеру барысында ақпарат расталмай, хабар жалған болып шықты.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғаушылар Кенжекөл кентінің 14 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол сабақ арасындағы үзілісте сыныптастарының өтінішімен әзіл ретінде жедел қызметке қоңырау шалғанын түсіндірді. Жасөспірім полиция бөліміне жеткізіліп, әңгімеден кейін ата-анасының қарауына берілді. Сондай-ақ, оның заңды өкілі кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Полиция әдейі жалған хабарлама фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, – деді облыстық полиция департаментінде.

Полиция ескертеді: террористік акт туралы әдейі жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, не осындай мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан мұны оқушылардың өзі де есте ұстауы қажет. Бұдан бөлек, сот шешімі бойынша мұндай хабарламаларға байланысты шығындар мен келтірілген залалды өтеу міндеттеледі. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмағандар жасаса, шығынды өтеу олардың заңды өкілдеріне жүктеледі.