Концерт пен тіскебасар: Маралды демалыс аймағы туристерді қарсы алуға дайындалуда

Жазғы маусымға орай тұзды көл аумағында қаланың тәжірибесі қолданылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жылыбұлақ ауылдық округінде өңір тұрғындары мен қонақтарын тартатын ерекше жер бар. Биыл «Байжырық» ЖШС кәсіпкері Маралды көлінің сәнін кіргізіп, бірқатар жұмыстарды орындады. Демалыс аумағында көлеңке түсіп тұру мақсатында 17 шатыр қойылды. 1 маусымға дейін 900 шезлонг, 24 самалжайды орнатамыз. Ағаш әткеншектер де болады. Олар Павлодардың жағажайына ұқсас етіп жасалады. Бұдан бөлек бес гамак пайда болмақ. Ал табиғат аясында әлеуметтік желілерге жақсы суреттерді түсіру үшін арнайы фотозоналар әзірленіп жатыр.
– Ұзақ уақыт бойы жүрек тәріздес арка тұрған. Алайда қатты дауылдың кесірінен арка бұзылды, – деді кәсіпкер Гүлмира Отарғалиева.
Жағажай аумағында тамақтанудың төрт орны ашылады. Жергілікті тұрғындар пиццерия, қытай және шығыс тағамдарын және кәуап сату нүктелерін ашып, кәсібін дөңгелетеді.
Қонақтардың жайлылығы үшін дәретханалар, душ кабиналары бар. Ал демалысты қызықты қылатын жағажай жабдықтарын сататын және жалға беретін орын ашылады. Бұдан бөлек Маралдыда облыс орталығының «Ertis Promenade» сахнасының кішкентай көшірмесі пайда болады. Ол жерде туристерге арналған концерттер өткізілмек.
Асайын Байханов кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізуді қарастыру үшін облыстың архитектура басқармасына, урбанистермен бірге Маралды көліне баруды тапсырды. Ол аудан әкіміне жағажай аумағында туристік жағдайға қолайлы ортаны қалыптастыру міндет ретінде жүктеді.
Айта кетейік, Маралды көлінде 14 маусымда туристік маусым ашылады.