Көктөбе ауылында бассейн салынып жатыр

Көктөбе ауылында бассейн салынып жатыр
Фото: Әмина Жеңіс

Оған ауыл тұрғындары келесі жылдан бастап бара алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен жылы Май ауданында тұрғындармен кездесуде тұрғындар Асайын Байхановтан Көктөбе ауылында бассейн салуды сұраған болатын. Арада бір жыл өткенде облыс әкімі уәдесінде тұрып, енді нысан құрылысының барысын бағалауға келді.

Құрылыс 15 мамырда басталып, бүгінге дейін жұмыстың 35 пайызы ғана орындалған. Жобаны мердігер «Ер Алаш» компаниясы жүргізіп жатыр. Ғимарат 725 шаршы метрді құрып, бір қабатты болып салынады.

Бассейннің өзі төрт жолақты болады, бір уақытта 24 адамға дейін қабылдай алады. Құрылымның ұзындығы – 25 метр. Ал оның тереңдігі әртүрлі: бір жағында – 1,2 метр, екінші жағында – 1,8 метр.

Әкімшілік-тұрмыстық ғимаратта екі киім ауыстыратын бөлме, инвентарлық бөлмелер, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, медбике кабинеті және әкімші кабинеті болады.

Құрылысқа барлығы 548 миллион теңге бөлінді. Бұл екіге бөлінді, өйткені жоба – екі жылдық. Құрылыс 2026 жылдың 15 наурызында аяқталады деп жоспарлануда.