Көшпенділер ойындарына қатысатын жануарлардың жағдайы тексерілді

Көшпенділер ойындарына қатысатын жануарлардың жағдайы тексерілді
Фото: pixabay.com / Andrea-L

Тексерісті Астана қаласының ветеринариялық қызмет өкілдері өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына объектілерді көруге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекция Астана қаласы әкімдігінің «Астана ветсервис» КММ-ның өкілдері қатысты.

Арнайы комиссия ат қораларының, құстарды орналастыратын орындардың, жануарлардың жем-шөбі мен су сақтау орындарының, жануарлар жарақат алған жағдайда оларды емдейтін ветеринариялық клиниканың дайындығын тексерді, – деп атап өтті Дирекцияда.

Көшпенділер ойындарына қатысатын жылқылар «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мен «Қазанат» ипподромының ат қораларына орналастырылады. Барлығы 512 орынға арналған ат қора ойындар кезінде жылқылардың барлығын, спорттық бағдарламаға байланысты жылқылардың орнын ауыстыра отырып, орналастыруға мүмкіндік береді.

Спорттық бағдарламаның Құсбегілік спорт түрі бойынша барлығы 45 бас құс қатысады. Монғолия елінен 3 бас бүркіт, Қырғызстан Республикасынан 3 бас бүркіт, 3 бас ителгі, 3 бас қаршыға қатысу күтілуде, – деп толықтырды баспасөз орталығында.

Құстар астаналық циркке орналастырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құстарды жеке-жеке орналастыру үшін арнайы торлар қолданылады.

Көшпенділер ойындарының жануарларын орналастыратын орындар барлық ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келеді.

Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Билеттерді сілтеме арқылы сатып алуға болады.