Маңдайы көгерген: Павлодарда балабақша директоры айыппұл төлейді
Ол міндеттеріне салғырт қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, облыс орталығындағы балабақшаның бірінде балаға қатыгездікпен қарау фактісі бойынша тергеу жүргізілген.
– Білім беру сапасын сырттай бағалау бөлімі жеке меншік балабақша басшысының атына әкімшілік хаттама толтырды. ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы 3-бөлігі бойынша оған елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жаза қолданылды, – деді облыстық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ләззат Жақиянова.
Еске сала кетейік, қыркүйектің ортасында әлеуметтік желіде кішкентай қыздың маңдайы көгергені және түрлі жарақаттары бар суреттер тараған болатын. Бүлдіршінді дәрігерлер тексеріп, үш жерінде ісік бар екенін растады. Жәбірленушінің анасы полицияға арызданған. Оның өтініші облыс орталығының солтүстік полиция бөлімінде тіркелді. Бүгінде тәртіп сақшылары тексеруін жалғастыруда.