Мас күйдегі досына көлік тізгінін берген: Павлодарда екі жүргізуші жауапқа тартылды
Аталмыш оқиға бойынша іс сотқа жолданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде мас күйінде көлік жүргізуге және мас адамға рөлді басқаруға берген екі азамат жауапқа тартылды.
Түнгі уақытта Академик Шөкин көшесінде патрульдік қызмет барысында полиция қызметкерлері Lada маркалы автокөлікті тоқтатқан. Сол мезетте рөлде 24 жастағы ер адам болған, оның мас күйде екені анықталды. Тексеру барысында көлік иесінің жолаушы орнында отырғаны және оның да алкогольдік мас күйде болғаны белгілі болды. Деректерге сүйенсек, ол автокөлік тізгінін мас күйдегі танысына берген.
Медициналық сараптама екі азаматтың да алкоголь қолданғанын растады. Құқық бұзушыларға қатысты материалдар жинақталып, іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, жыл басынан бері мас күйде көлік басқарудың шамамен 300 дерегі анықталған.