Май ауданындағы жол жөндеу мерзіміне дейін аяқталуға жақын
Қызыл Октябрь – Жаңа Ақшиман тас жолының жөнделуге тиіс 45 шақырымдық бөлігінің небары үш шақырымдай жері ғана қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бастапқыда жоба бойынша жол жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінген еді. Облыс басшылығының қолдауымен былтыр жоба толық көлемде қарыжыландырылды.
- Жөндеуді 2025 жылы аяқтауымыз керек еді. Былтыр «Павлодар Жолдары» ЖШС өз қаржысына жұмыстарды толық аяқтады деуге болады. Қазіргі кезде су өткізгіш құбырлар мен жол белгілерін орнату жүргізілуде, - деді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин.
Жөнделмеген 2,8 шақырымдық бөлік қалуда, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Сәйкес жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл – ел бесігі», «Мектептерді модернизациялау» және «Ауыл денсаулық сақтау саласын жаңарту» жобалары бойынша бірқатар инфрақұрылымдық нысандар бой көтеруде.
Фото: Константин Шелков