Май ауданында қыздар тақия безендіруден сынға түсті

Май ауданында қыздар тақия безендіруден сынға түсті
Фото: Май ауданының білім беру бөлімі ұсынды

8 наурыз мерекесіне орай «Тақия fest» фестивалі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Оған «Аққу» қыздар клубының мүшелері қатысты.

Май ауданы білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль аясында оқушы қыздар шеберлерден тақия тігуді үйреніп қана қоймай, қуыршақ тоқу және фелтинг әдісі бойынша киізге өрнек салуды да үйренді. 

– Қазақтың ұлттық киім үлгілерінің ішінен семантикалық статусы өте жоғарысы — бас киім. Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған, – деді бөлімде.

Фестивальдің негізгі кезеңінде қатысушылар тақия безендіруден сынға түсіп, қазақ қыздарының бас киім түрлерін таныстырды. Оқушылар тақия, бөрік, төбетай, қарқара, кепеш, сораба, сәукеле, бергек, жырға, кимешек, жаулық сияқты бас киім үлгілерімен танысты. 

– Қазақ әйелдерінің бас киімдері өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді және жасалуының өзіндік ғұрыптық, салттық негізі бар. Мәселен, қазақ әйелдерінің бас киімдері олардың жасы мен отбасыдағы жағдайына байланысты түрленеді. Бойжеткендер мен қыздар зере, тақия, төбетай, қарқара бөріктерінің төбесіне үкі таққан, себебі қазақ наным-сенімінде үкі құсы киелі саналады, –  қолөнер шебері, ұстаз Бибігүл Кабдуллина. 

Оның сөзінше, қыздардың тақиясы өңді маталардан қабатталып сырылып тігіледі. Айттырылмаған қыздардың үкісі шекесіне қадалатын болған. Айттырылған қыздарға үкі бас киімнің ортасына қадалған

Фестивальдің мақсаты – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, бойжеткен қыздарға ұлттық бас киім үлгілерін кию мәдениетін таныстыру, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын олардың бойына сіңіру.