Май ауданында жаңа әкім тағайындалды
Облыс әкімі Асайын Байханов аудан активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Май аудандық мәслихатының келісімі бойынша аймақ басшысының өкімімен Май ауданының әкімі болып Қадылжан Сәтиев тағайындалды.
– Менің өкіміммен Әмірин Ағыбай Қойшыбайұлы Май ауданының әкімі лауазымынан босатылды. Ол облыстың жергілікті атқарушы органдары жүйесінде жаңа қызметте жұмысын жалғастырады, – деді облыс әкімі.
Қадылжан Қайырбекұлы 1985 жылы туған. Екі жоғары білімі бар: 2007 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс және қалалық шаруашылық» мамандығы бойынша, 2013 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2005 жылы жеке секторда бастады. Мемлекеттік қызметті 2009 жылы Павлодар облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы болып бастады. Бұл басқармада маманнан бастап, басқарма басшысына дейін еңбек етті.
2021 жылдан бастап Павлодар облысының құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2024 жылы Қадылжан Сатиев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» ведомстволық наградасымен марапатталды.
Асайын Байханов Ағыбай Әміринге атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа әкімнің алдына бірінші кезектегі міндеттерді қойды.
– Ең тиімді жобаларды анықтап, оларды нақты аяқталу мерзімдерімен іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу қажет. Барлық ресурстарды жандандырып, оларды ауданның экономикалық көрсеткіштерін арттыруға бағыттау қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Маңызды бағыттар – өткір әлеуметтік мәселелерді шешу, инвестициялар тарту, ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, лиманды суару жобаларын іске асыру болып қала береді.