Май ауданындағы мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

Май ауданындағы мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

Бұл бастама – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тең мүмкіндік пен қамқор орта қалыптастырудағы маңызды қадам, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ерсін Мұқашев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Қазіргі таңда білім ордасында 22 ерекше бала білім алуда, олардың 17-сі логопед көмегіне мұқтаж. Биыл мектеп ұжымына логопед маманы қосылып, балалармен жүйелі түзету-дамыту сабақтары жүргізілуде.

Кабинет заманауи құрал-жабдықтармен, дидактикалық материалдармен және дамытушы ойындармен толық қамтылған.

Мұнда педагог-психологтар, логопед және педагог-ассистент балалардың сөйлеу тілін, ойлау қабілетін, назарын және ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған жеке және топтық жұмыстар жүргізеді.

Мектеп әкімшілігі атап өткендей, бұл кабинет тек ерекше балаларға ғана емес, бүкіл ұжымға мейірім мен түсіністік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.