Май ауданының шалғай елді мекеннің халқына медициналық көмек жедел көрсетілмек

Үш ауылға жаңа санитарлық көлік берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аудандық емхананың автопаркі үш бірдей «ГАЗель Соболь» маркалы санитарлық көлікпен толықты. Жаңа көліктер облыстық бюджет есебінен 64 миллион теңгеге сатып алынды. Бұл көліктер ауданның алыс ауылдары – 533 тұрғын бар Баскөл, 585 азамат тұратын Қаратерек және 202 адам тұратын Ақшиман елді мекендеріне медициналық көмек көрсетуді жеделдетуге бағытталған.
Соңғы екі жылда мекеме сегіз жаңа санитарлық көлік алған. Бүгінгі жеткізіліммен бірге Май аудандық ауруханасының автопаркі толықтай жаңартылып отыр.
– Көліктерді ауылдарға әлі таратқан жоқпыз, бірақ тұрғындарға ұнайтыны анық. 25 жыл бойы ескі көліктермен жүргеннен кейін осындай техника алу – біз үшін үлкен көмек. Енді шақыртуларға жедел барамыз, науқастарды дер кезінде жеткіземіз, – деді Май аудандық ауруханасы басшысының м.а. Алшынбек Ахтанов.
Көліктердің ішінде жарық әрі жылы, арнайы жұмсақ кушетка және дәрі қобдишаларымен жабдықталған. Бұл науқастарды тасымалдауды әлдеқайда жеңілдетеді.
– Қазіргі таңда біз қалаға шұғыл науқастарды жеткізуге арналған тағы бір «ГАЗель NEXT» маркалы көлікті күтіп отырмыз. Бұл көлік көлемді әрі кең, сондықтан ауыр жағдайдағы науқастарды ауданнан қалаға тез жеткізуге мүмкіндік береді. Бұрынғы ескі УАЗ көліктерімен салыстырғанда жаңа техника ыңғайлы, жылы әрі сенімді,– деді Алшынбек Ахтанов.
Айта кетейік, ауруханада биыл күрделі жөндеуден өткен жылыту жүйесі іске қосылды. Жобаның құны 96 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды. Жоспарланған төрт айдың орнына мердігер «Интрейд» компаниясы жұмысты екі айда аяқтап, қыркүйек айында ауруханаға жылу берілді. Сондай-ақ, биылғы жылдың қаңтарында жалпы сомасы 800 мың теңге көлемінде 11 медициналық мекемеге 37 санитарлық автокөлік сатып алу бойынша конкурс жарияланған.