Мемлекет басшысы Асайын Байхановты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Асайын Байхановтың өңірдің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Мемлекет басшысына өткен жылдың қорытындысы туралы баяндады. Облыс экономикасына 965 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26 %-ға көп.
Жолаушылар тасымалы секторында 31%-ға, көлік жасау өнімдерін өндіруде – 13%-ға, құрылыс саласында 8%-ға өсім байқалады.
Президентке 73 шақырымнан астам жылумен жабдықтау желілерінің қайта жөнделгені туралы мәлімет берілді. Екібастұз ЖЭО-дағы барлық 10 қазандық агрегат жөнделді, 11 км жаңа техникалық су құбырының құрылысы жүргізілді, 5,4 км магистральдік жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды.
Әкімнің айтуынша, облыс ауылдарында салынған үш заманауи мектептің құрылысы апатты мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік берді. 54 білім беру ұйымы толықтай жаңғыртылды. Сонымен қатар, екі жыл ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 жаңа медициналық нысанның құрылысы туралы баяндалды.
Облыс әкімі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлес көрсеткішін 94%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік берген 722 шақырым автокөлік жолдарының жөндеуден өткені туралы мәлімдеді. Өңірде қоғамдық көлікті кезең-кезеңмен жаңарту басталды. 2023 жылы қалалық автобус паркі 130 жаңа автобуспен толықты.
Президенттің тапсырмасын орындау үшін ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 37 мыңнан астам халқы бар 44 ауылда жаңа су құбырлары салынды. Осылайша, облыстағы ауыл тұрғындарының 98%-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.