Мемлекет басшысы «ZENITH» зауытының жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы «ZENITH» зауытының жұмысымен танысты
Фото: ҚР Президенті баспасөз қызметі

Кәсіпорын құрылыс материалдарын шығарумен және түрлі мақсатта қолданылатын нысандар салумен айналысады, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын цехтарын аралап, зауыт өнімдерімен танысты. Мұнда бетон, іргетас блоктары, кірпіш секілді құрылыс материалдары өндіріледі. Таяуда зауытта төмен қысымды полиэтиленнен диаметрі үлкен құбырлар шығаратын өндірістік желі іске қосылды. Өнім шаруашылық-ауызсу және техникалық сумен жабдықтау құбырларын салуда кеңінен қолданылады.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бүгінде өндіріс инфрақұрылымына 20 миллиард теңге шамасында инвестиция құйылған. Сонымен қатар зауыт мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша әлеуметтік тұрғын үйлер салуға қатысады. Кәсіпорын жаңа өндірістерді іске қосып, көппәтерлі түрғын үйлерді пайдалануға беруді, соның ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында жылына 100 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Президент зауыт ұжымымен әңгімелесу барысында отандық құрылыс индустриясын дамытудың маңызды екенін атап өтті.

– Cіздер экономикамыздың лайықты секторына айналдыңыздар. Осы сала мемлекет тарапынан қолдауға ие болуына мүдделімін. Әлбетте, біз адал серіктес ретінде қолдау білдіреміз. Тағы да қайталап айтамын. Шағын және орта бизнестегі ахуал бүкіл экономикамыздың дамуына елеулі түрде ықпал етеді. Сондықтан сіздер үнемі менің  назарымда боласыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысына Poly Metal International plc халықаралық компаниясы қолға алған ірі жобаның жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілген болатын.