Мыңкөлдегі медициналық пункт құрылысына қатысты заңбұзушылық анықталды

Мыңкөлдегі медициналық пункт құрылысына қатысты заңбұзушылық анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шенеунікке тәртіптік жаза қолдану ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Железин ауданындағы медициналық пункттің құрылысына байланысты мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.

Облыстық прокуратура өкілінің айтуынша, мемлекеттік орган ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның жүзеге асырылуына тексеру жүргізген. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, Железин ауданының Мыңкөл ауылындағы медициналық пункттің құрылысынан сәйкессіздіктер белгілі болды.

Прокуратура мәліметінше, орындалған жұмыстар актілерінде сыртқы жылу оқшаулағыштың ені 13 сантиметр деп көрсетілген. Алайда іс жүзінде мердігер қалыңдығы 8,5 сантиметр болатын оқшаулағыш материал төсеген. Сондай-ақ жоба бойынша шатыр жабынының қалыңдығы 0,7 миллиметр болуы тиіс болса, нақты көрсеткіш 0,43 миллиметрді құраған. Анықталған кемшіліктер салдарынан келтірілген залал көлемі екі миллион теңге болған.

Соған қарамастан, мердігерге орындалған жұмыстар актілері негізінде қаражат төленген. Аталған құжаттарға қол қойғандардың қатарында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаев та бар.

Сонымен қатар, облыстық құрылыс басқармасы шатыр асты кеңістігін жылу оқшаулау, жарықтандыру шамдарын орнату, сорғы жабдықтарын монтаждау және қажетті материалдарды жеткізу секілді бірқатар жұмысты да негізсіз қабылдаған.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Азат Сатабаев өз кінәсін мойындап, тексеру кезінде кемшіліктерді байқамай қалғанын айтты. Сондай-ақ барлық ескертулер қабылданғанын және анықталған кемшіліктер 10 жылдық кепілдік міндеттемелері аясында түзетіліп жатқанын жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері облыстық құрылыс басқармасының басшысына орынбасары Азат Сатабаевқа «атқаратын лауазымына толық сәйкес келмеуі» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Айта кетейік, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында Павлодар облысында 30 медициналық нысан салынған.