Мичуринде «Энергетик» демалыс үйінде өртке қарсы оқу-жаттығу өтті

Сценарий бойынша асханада қысқа тұйықталу салдарынан шартты өрт шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін қызметтердің өзара үйлесімділігін арттыруға және дайындық деңгейін тексеруге бағытталды.
– Оқу-жаттығу сценарийі бойынша өрт асхананың тамақтану залында электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан пайда болды. Шартты өрттің тез таралуы мен түтіннің пайда болуы жағдайында негізгі міндет – демалыс орнында болған адамдарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау болды. Демалыс үйінің әкімшілігі дереу дабыл жүйесін іске қосып, қонақтарды жауапты қызметкерлердің бақылауымен эвакуациялық шығу жолдарына бағыттады, – делінген хабарламада.
Шартты оқиға орнына 3-ЖЭО мен 2-ЖЭО бөлімшелері және №11 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жылдам жетті. Су мен көбіктүзгішті жеткізу үшін қажетті құбыржең желілері тартылып, түтін мен температураны бақылауға арналған құрылғылар орнатылды. Жедел жәрдем тобы «зардап шеккендерге» алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Оқу-жаттығу барысында өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері және демалыс үйі қызметкерлерінің бірлескен іс-әрекеттеріне баса назар аударылды. Байланыс пен үйлестірудің сапасы тексерілді.
– Демалыс үйі Павлодар қаласынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт оқиғасы кез келген сәтте болуы мүмкін. Оқу-жаттығуда барлық қажетті іс-қимылдар қарастырылды. Барлық бөлімшелер нормативтерге сай келіп, өртті сөндіру шараларына дереу кірісті. Жеке құрамның әрекеттері «үздік» деп бағаланды. Анықталған кемшіліктер тіркеліп, кейін қосымша пысықталады, – деп атап өтті «Павлодарэнерго» АҚ Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар штабының бастығы Шаймуран Шаймарданов.
Мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайлар кезіндегі дайындықты арттырып қана қоймай, демалыс үйінің қызметкерлері мен келушілері арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.